
Абайдың хаттары
Бізге жеткен Абайдың хаттары мен жазбалары
БІРАЗ СӨЗ ҚАЗАҚТЫҢ ТҮБІ ҚАЙДАН ШЫҚҚАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ
Біздің қазақтың ықыласы атасын арабтан шықты дегенді, яки бәни Исраилден1 шықты дегенді ұнатқандай. Онысы – әр не тауарихтан2 хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс. Һәммаға мағлұм, әуелде адам балалары бұл күнгі орындарына екі жақтан толқынып келгендігі. Бірі – Үндістан тарапынан; ол жақтан келген жұрттардың көбі – білімді жұрт болып, ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер. Екіншісі – маңғұл жағынан келген; олар заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихтарын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларының ақсақалдарының айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен. Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят.
Қалмақтың төрт атасының бірі – Хазар. Сол Хазардан үш атаның ұлы парсы жұртында қалып еді: Қажар, Афшар, Үшташлы деген. Сол қызылбас, дүниедегі ескі патшалардың сарқыты – Кәсірәй. Ғажам жұрты сол. Біздің қазақтың Амудариядан қорқып қашып келіп, Сырдарияның аяғында қалмақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көретұғын себебі Нәдірден қашамын деп болған. Сол Нәдір Афшардан еді. Осы күнгі Нәсіриддин шаһ – Қажардан шыққан кісі. Кім жетсе, табады, өнеріменен жетеді. Оларға атаң қалмақ деп кім бөгет болады?
Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазды. Асыл түбі қазақтың – сол татар. Осы күнде де қазақтың төре нәсілдері өзін-өзі біз татармыз деп айтысады. Онысы біз келімсек емес, түпсіз емес, таза тұқымбыз деген орынға айтылады, татардың кім екенін білгендігімен айтқаны емес. Дін исламға кіре алмай қалған осы күнде Күншығыс Сібірінде қазақтың ағайындары бар. Тілінен, әдетінен, түсінен туысқандығы анық көрініп тұрады. Әсіресе, Енесейскі гүбірнеде Минусинскі уезде «ясышынай татар» атында бір халық бар. Қазақты өздеріне ағайын тұтады дейді, һәм бір тұқымдас екендігіне көрген кісі таласпайды. Тағы еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды. Сол қырғызды қытайлар «брут» деп атайды, өз тауарихтарында оның себебін, неліктен қытайлар «брут» дегенін еш білдім дегенді көрмедім.
Біздің қазақтар Бийскідегі, Кузнецкідегі қалмақтарды «білеут» дейді. Менің ойым: осы «білеут», «брут» бір сөзден шыққан деймін, о да қырғыздың нәсілі болмағы таң емес. Ол татарлар ұрысшыл, аңшыл, не болса, соны киіп, не табылса, соны ішіп-жеп жүрген бір тұрпайы халық екен. Олардың орны Енесей, Аңқара суының бас жағында болыпты. Солардан аңшылар жыл жүріп, екі жыл жүріп қайтатұғын әдеттері бар екен. Сол аңшылардың естіген, көрген хабарыменен бұрын көрмеген жерге болмаған мақтау айтылатұғын әдетіменен қысы аз, жазы көп дегенге әуелден өздері жер шаруасын қылмай, мал сақтаушы халық болған соң, «мал сақтауға жақсы жерге барамыз» деп, бұл жаққа қарай неше мәртебе халқы шығыпты. Соның бірі біздің қазақ екен. Қай-қай жерменен келгендігі, қанша жылда келгендігі мағлұм емес. Әйтеуір, Алатаудың бөктеріне келіп, мекендеп тоқтапты.
Арғы жер бұрыннан ұйғыр нәсілді халықтың орнығып, иеленген жері болып, онан әрі бара алмапты. Ол ұйғыр халқының ханы өзіне қараған халыққа есептеп жүріпті. Бұлар қарадық десе де, ішінен дұшпан болып жүріпті. Әуелден өзін өзі билеп, азаттықпен жүрген халық, біратола біреуге бағынбақты ауыр көріпті. Түбінде олар да маңғұл нәсілді болса да, бұларға жат көрініпті. Сол уақыттарда арабтан бұл Орта Азияға дін исламды үйретушілер көп әскермен келіп, халықты жаңа дінге қаратып жүргендерінде Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде, бұлар да мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерге инанып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп, дін тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От
ана, май ана, жарылқа!» дегізіп, бас ұрғызған секілді, «өлген аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым әуел бұлт күркірегенде, қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «Сүт көп, көмір аз» деген секілді. Бұған ұқсаған ырымдар көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды.
Сол арабтар көшпелі халықтарды «хибаи» деп, «хұзағи» деп атапты. «Хибаи» дегені киіз шатырмен жүруші деген екен. «Хұзағи» дегені өз жұртында және хұзағи деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқан екен. Сол уақытының бір ханы көшіп келе жатқанда бұлардың тіркеулі түйесін көріп, «міне, мыналар шынымен қаз-ақ екен» депті, әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен деп. Сонымен, бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс» дейді екен де, жүре береді екен.
Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шаһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты. Сондықтан да болғанға ұқсайды. Әйтеуір сонан соң қазақ аталыпты.
Бұл қазақ Алатау бөктерінде жүргенде егін салмақ секілді, сауда қылмақ секілді шаруаларға да көршілерінен көріп айналған екен. Өздерін өздері: «Қоңыр қазақ, қара қазақпыз» дейтұғыны, «Қазақ байдың баласымыз» дегені сол уақыттағы ғана біраз момындықпен тұрған кезі болса керек.
Қырғызға қырғыз деп ұйғыр хандарының бірі ат қойса керек. Олардың атты әскерінің алдыменен жүретұғыны солар болып, қырғыз атапты. «Өлтірт, жоғалт» яғни дұшпанды қырушы дегеннен қойылыпты. Ол уақытта жай жатқан момын қазақтың «Аруақ аттаған оңбайды», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда болса керек» деп, «Аттанып барып жылқы алған, ат үстінен ұйқы алған» деп, барымташыны мақтап, бұзылған кезі Шыңғыстан соң болса керек.
Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар «құтты болсынға» барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың өз заңы бойынша «хан» деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек.

Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты еңбегінен үзінді
Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақал болған. Майқы сол кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып, әскер тартып шыққанда әскерінің көбі татар екен дейді. Оның себебі: ол маңғұл өздері татардай ассыздық, сусыздыққа, ыстық-суыққа шыдамды болмаса керек. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылыпты, бұларды Шыңғыс Жошы деген үлкен баласына билетіпті.
Әуелде Көр ханды өлтіріп, ұйғыр жұртын алыпты, онан соң, Азияның тереңіне шейін еніп барса керек. Себебі, казақта мақал болып қалған «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» дегені, «Самарқанның сар жолы, Бұланайдың тар жолы» дегені – бәрі Шыңғыстың сапарын көрсеткен сөз. Бұланай деп Гималайды айтқаны ма, Үндукеш тауы ма? Әйтеуір, бір тауды айтқан сөз екені «Бұланайдан үлкен тау болмас, бұланнан үлкен аң болмас» деген мақалынан мағлұм.
Сонан соң бұлар бұрынғы Алатауды қалдырып, Ташкент төңірегіндегі тауларды мекен қылса керек. Қайсысында қанша жүрген, кайсысында бұрын, қайсысында соң жүрген – анық мағлұм емес. Ол орынға келген соң, бұларды Шыңғыстың Шағатай деген баласының нәсілі билеп тұрыпты. Ол Шағатай нәсілінің үлкен ханы Ташкентте тұрып, бұларды бір інілері билейді екен. Сондағы билеген хандары, билері бұларды ешбір түзу харекетке түсіндірмей, дәйім барымтамен мал қумақ, ауыл шаппақ, бірде бұл ел, бірде ол елмен жауласпақ, қырыспақпен күн кешіп, еш шаруа, өнерге үйрене алмай, өздері кедей болған һәм өспеген. Бүгін біреуді өзі талап, қырып келсе, ертең өзін біреу талап, қырып кете берген. «Ерше барып, итше қашып» жүріп, малын, басын жаудан қорғаудың да мәнісін білмесе керек. Қазақтың бар қатты өсе бастағаны құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек. Одан бұрынғысы «Барып жаудан қыз әкеліп қатын қыларсың, я ағаңды өлтіріп, жеңгеңді аларсың» деген мақалына ұқсайды.
Әмір Темір нәсілінен Құмар Шаих баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесіменен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінің Жүніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегенінің аты Ахмет екен. Сол өз уақытында аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығыпты, үш жүз басыға билетіпті. Әр жүздің халқы өз ынтымағыменен бір туысқанға есеп болыпты. Қазақтың «Үш жүздің баласы» дейтұғыны – сол.
Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай «мынау бір алашы болды ғой» депті, жан алушы болды дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. «Бабырнамада»3 солай жазылған. Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы-алашы» деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда көп жанның айғайымен «алаш-алаш» деп кетіпті. Сондықтан «алаш-алаш» болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп,
алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен.
Бұлар Шағатай нәсіліне қарап жүргенде, Жошы нәсілі өзбек халқын билеп жүрген екен. Сол Жошының Сибан яки Шибан деген баласының тұқымынан бір белгілі Шайбақ деген хан шығып, Әмір Темір тұқымынан Һират, Бұхар, Самарқан шаһарларын тартып алып жүргенде, ақырында мұның алдынан Алаша хан, Ташкенттегі Жәніке хан деген ағасымен қосылып, калың әскермен шығып, Оратөбеде жеңіліп, ағайынды екеуін де, бала-шағаларына дейін Шайбақ өлтіргенде, біздің қазақ біз әуелден өзбек жұртыменен аталас едік және де Шыңғыс хан тірі күнінде бізді Жошыға тапсырып еді, «сарт – садағам, өзбек – өз ағам» деп, Шайбаққа қарап кетіпті.
Сол сөз осы күнге шейін мақал болып қалған. Сонан кейін бізді қайтып Шағатай тұқымы билеген емес. Онан соңғы біздің ханымыз, төреміз – бәрі де Жошы нәсілінен бола келген.
2خ) – арабша). [тәуарих] – тарих сөзінің көпше түрі, тарихи кітаптар.