Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың жаны терең сай, Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып Үрген ит пен айтаққа, Келмеп пе едің жол тосып, Жолығуға аулаққа?
Ішім өлген, сыртым сау
Ішім өлген, сыртым сау, Көрінгенге деймін-ау. Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не қылдым, япырмау?! Өз үйінде өзендей Күркірейді, айтса дау. Кісі алдында кірбіңдеп, Шабан, шардақ және шау. Мұндай ма едің ана күн, Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқаң босаса, Бола қалдың бас асау. Жан қысылса, жайтаңдап, Жанды еріткен жайдары-ау. Жан жай тапса, сен неге Жат мінезсің жабырқау? Ұрлық пенен қулыққа Байлағанда, кестің бау. Берерменде бесеусің, Аларманда және алтау.
Топ болғанда көресің Түрлі дауды жүз тарау. Аяғында сендейлер Көрмей жүр ме ханталау? Қайта кірер есікті Қатты серіппе, жарқын-ау! Жетілсең де, жетсең де, Керек күні бір бар-ау.