Академиялық жинақтар

Абайдың өлеңдері

Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы

Өлеңдері мен аудармалары

1855–1881

Кім екен деп келіп ем түйе қуған, (1)
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркінінің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған.

* * *

ШЫҒЫС АҚЫНДАРЫНША

Йүзі – раушан1, көзі – гәуһар2, (2)
Ләғилдек3 бет үчі әхмәр4,
Тамағи қардан һәм беһтәр5,
Қашың қудрәт6 , қоли шикә7.
Өзүң гузәлләрә раһбар8,
Сәңә ашиқ9 болып кәмтәр10,
Сүләймен, Жәмшит, Искәндәр,
Ала алмас барша мулкигә11.

Мәбада12 олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йүзмә-йүз,
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?

* * *
Фзули, Шәмси, Сәйхали,(3)
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси13
Мәдәт14 бер, я, шағири15, фәриад16!

ӘЛИФБИ
Әлиф-дек ай йүзіңә ғибрәт17 еттім, (4)
Би – бәлаи18 дәртіңә19 нисбәт20 еттім.
Ти – тілімнән шығарып түрлі әбиат21,
Си – сәнәи22 мәдхіңә23 хурмәт24 еттім.
Жим – жамалың25 қандай ақ рузи26 маған,
Хә – хәлиллик27 тапмадым, жаным, сәнан.
Хи – халайық, мен емес, бәрі интизар,
Дәл – дариға ғишық28 оты бермес аман.
Зәл – зәлиллік29 көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре – риза қылмағыңды, яр30, өзің біл.
Зе – заһардай31 күйдірді ғишқың қатты,
Сын – сәләмат қалмағым болды мүшкіл.
Шын – шәкәр ләб32 есіме түскен сайын,
Сат – сабырым қалмады, мен не әйләйін33.
Зат – заиғ34 өмірім өтті менің бекер,
Та – талаптан әйтеуір құр қалмайын.
За – залым көп қылыш боп жанға оқталды,
‘Айн – ақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын – ғариблік35 басыма түскеннен соң,
Фи – файдаң36 тие ме деп жаза салды.
Қаф – қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф – кәміл37 ақылың, асыл затым.
Ләм – ләбіңнен38 ем қылсаң мен дәртліге,
Мим – меһріңнен қалмас ед бар апатым.
Нун – нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау – уәйлана39 ғишқың40 уайым жеп,
Һи – һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм-әлиф – лә иләһа иллалла41 деп.
Я – ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәд42 – қасың, тәшдид – кірпік, сукун – көзің43.
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.

ШӘРІПКЕ
Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп,(5)
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен – шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып.

АБЫРАЛЫҒА
Мен жасымнан көп көрдім (6)
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қирағатын44 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді45.
Намазшамның46 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық47 берген кісідей
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы –
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»48,
Пашол дереу, күнәкар.
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар»49.
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.

ЖАҚСЫЛЫҚҚА
Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық! (7)
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық – адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық.

* * *
(Шиллер – Лермонтовтан)
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға (8),
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.

* * *
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! (9)
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа,
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргеннен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі – сары алтын.
Сабыр қылсаң, жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым,
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сана50 қылма бекерге.
Сан қылғанмен пайда жоқ,
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.
Қош, қыз алсын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ.
Әлі барып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сарқа берме санасын.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың.
Өртенесің, жанасың.
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап ап біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сағынышқа сарғайма!
Жай жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Тандап алсаң тектіні,
Сонда көңіл толмай ма?

1882

БОРОДИНО
(М. Ю. Лермонтовтан)
Айтшы, аға, не ғып жеңілдік (10)
Мәскеуде емес тегіндік,
Болған білем соқтығыс,
Емес білем аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс,
Бородинде көргенді.
– Ондағы біздің адамдар,
Сендердей емес, балаңдар.
Қиын тиді оларға
Аз кісі-ақ қайтып сапарға.
…………………………………
Қол салмаққа кәртечке51
Ол күн болды, күн кешке,
Қас қарайып, болды түн.
………………………………….
Штык, қылыш қайрасып,
Ширатып мүртын шайнасып,
Ашулы солдат қыстықты:
«Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етеміз, штыкты»…
……………………………………

1884

* * *
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, (11)
Аласыз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды.

* * *
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған? (12)
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кейбірінің мінездері,
Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелде сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

1885

* * *
Жасымда ғылым бар деп ескермедім, (13)
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл мақрұм52 қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.

* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
Әм жабықтым, әм жалықтым, (14)
Сүйеу болар қай жігіт,
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт,
Өткен соң бар жақсы жылым?

1 روش – (парсыша). [раушән] – жарық, айқын, әдемілік.
2 گوهر – (арабша). [гәуһәр] – асыл тас, гаухар.
3 لعل – арабша). [лә‘л] – асыл қызыл тас. Лағилдек – лағылдай.
4 احمر – (арабша). [әхмәр] – қып-қызыл.
5 هتر – (парсыша). [беһтәр] –жақсырақ, артық. Бұл жерде қардан да ақ деген мағынада.
6 قدرت – (арабша). [қудрәт] – күш, құдірет. Бұл жерде ерекше жаратылған деген мағынада.
7 شیک – (парсыша). [шик] – сәулетті, сымбатты, сырбаз.
8 رهبر – (парсыша). [рәһбәр] – жол сілтеуші, бастаушы. Бұл жерде сұлулардың басшысы, ханшайымысың деген мағынада.
9 عاشق – (арабша). [‘ашиқ] – ғашық.
10 کمتر – (парсыша). [кәмтәр] – азырақ; кішіпейіл.
11 ملک – (арабша). [мулк] – мүлік, байлық.
12 مبادا – (парсыша). [мәбада] – егер де, бола қалса деген мағынада.
13 همه – (парсыша). [һәме] – бәрі, барлығы.
14 مدد – (арабша). [мәдәд] – көмек, мәдәд.
15 اعر – (арабша). [шә‘ир] – шайыр, ақын.
16 فریاد – (парсыша). [фәрйад] – теңдессіз, теңдесі жоқ. Мұнда теңдесі жоқ ақын деген мағынада.

ТҮСІНІКТЕР

1) «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» (1855). Өлең алғаш рет 1933 жылғы тұңғыш толық жинақта басылды. Абайдың бозбала әзіл қалжың түрінде шығарған шығармаларынан сақталып жеткен бір ауыз өлең.

Мұхтар Әуезов еңбектерінде кейде «Түйе қуған қатын (Шәріп)» деп белгіленіп отырған. «Төркіні жауыр айғыр беретін келіншек «Шәріпке» деген арнау өлеңдегі Түңлікбайдың әйелі Шәріп болса керек», – деген болжам бар. (Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар, 138-бет).

1933 жылғы жинақта бұл өлеңге: «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деген бір ауыз өлеңді ел ішінің бір кәрі кісісі айтып еді. Сол кісі бала күнінде ауылындағы бір әйелді төркініне ертіп барып, төркіні бір жауыр айғыр берген соң, соны алып екеуі қайтып келе жатқанда, Құнанбай ауылының жолда жатқан түйесінің арасын аралап өтіп бара жатыпты. Сонда он жасар бала – Абай ауылдан тайға мініп шауып келіп, аты-жөнімізді сұрап алып, бұрылып жатып осы өлеңді айтты дейді», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 323-бет).

Өлең 1933 жылдан кейінгі жинақтардың барлығында басылып жүр. Үшінші тармақтағы «төркініңнің» сөзінде бірде «төркінінің» (1933, 1939), бірде «төркініңнің» болып келетін мәтіндік ауытқу бар (1977, 1995).

Бұл жинақта 1933 жылғы басылым бойынша «төркінінің» деп алынды.

Абай шығармаларының барлық басылымында осы өлеңнің төртінші тармағында көп нүктемен беріліп келе жатқан сөздің орнына редакциялық алқа ұйғарымымен «ұрайын» сөзі жазылды.

2) Шығыс ақындарынша («Йүзі – раушән, көзі – гәуһар») (1858). Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта жарияланған. Абайдың араб, парсы, түрік әдебиеті әсерінде, шағатай ақындарынша ғаруз (мәт) уәзінімен шығарған өлеңі. Алғашқы үш жолы бір ұйқасып, төртінші жол келесі төрттіктің төртінші жолымен ұйқасатын «рубағи» – «төрттік» деп аталатын үлгіде жазылған.

Жас Абай Шығыс лирикасындағы атын атамай бір сұлуға арнап жазу үлгісін пайдаланған. Кейінде «Қор болды жаным» сияқты өлеңдерді де сол үлгіде жазған.

Өлеңге Мұхтар Әуезов: «Абайдың таңдап алған аттары оның Шығыс романтиктерін терең оқығандығын көрсетеді (Сүлеймен, Ямшит, Ескендір). Мұнда ғашықтық жат емес, өзін кемітіп
айтылады. Бұл – ғазал үлгісі, осының бәрін Абай өз өлеңінде көрсетеді. …Қазақ ақындарының махаббатты жазуы сияқты емес. Шығыс ақындарының шығармаларында үлкен орын алған үлгі – сопылық», – деп талдау жасайды (Әуезов М., Абайтану дәрістері, 44-бет).

Бұл басылымда өлеңнің 1995 жылғы жинақтағы сілтемелеріне біршама түзетулер енгізілді. 

Төртінші сілтемедегі «Әхмар» (арабша) сөзінің мағынасын «қызыл» деп берген. Бұл басылымда «қып-қызыл» деп түзетілді. Өйткені «әхмар» – араб тілінде күшейтпелі сын есім. Түбірі
– «хәмра» (қызыл). «Әһмәр» сөзіне 1939 жылғы жинақта «қызыл алтын» деп анықтама берілген (1939 жылғы жинақ, 32-бет).

Бесінші сілтемедегі «беһтәр» (парсыша) сөзі 1995 жылғы жинақта «биһтар» болып берілген. Бұл сөз парсы тілінде «одан да жаман» деген мағынада қолданылады.

Жетінші сілтемедегі «шигә» сөзі парсы тіліндегі айтылуы бойынша «шикә» деп жазылды.

Тоғызыншы сілтемедегі «мүбәда» сөзі араб тіліндегі айтылуы бойынша «мәбәдә» деп түзетілді.

3) «Фзули, Шәмси, Сәйхали….» (1858). Өлең 1933 жылғы толық жинақта алғаш рет басылған (71-бет).

Мұхтар Әуезов өлеңнің ортағасырлық түркі жазба поэзиясы дәстүрінде шыққандығын атап көрсеткен.

«Мынау өлеңдер тұсында айқын байқалатын ерекшелік – Шығыс ақындарының үлгісінде жазылғандықтары. Екінші өзгешелік – бұл өлеңдер жатқа, ауызша шығарылған шығармалар емес. Бұнда Абай анық жазушы ақын. Біз ХІХ ғасырдың басы мен орта кезінде жасаған Махамбет, Нысамбай, Мұрат сияқты ақындардың шығармаларынан ақынның өзіне тән стиль ерекшеліктерін айырып тексерсек те, «Олардың қай өлеңі жазылып айтылған, қайсысы ауызша жырланған» деген сұрақтарға нақтылап, деректі жауап бере алмаймыз. Өйткені олардың жазғаны мен ауызша шығарғанының стильдік өзгешелігін айыру оңай емес» (Әуезов М. Абай Құнанбаев, 92-бет).

Бұл басылымда төртінші тармақтың соңғы сөзі «фәраид» болып түзетілді. Араб тілінде «теңдессіз» деген мағына береді. 1995 жылғы басылымда «фарияд» деп жазылған. Тыныс белгілері бойынша да түзетулер жасалды.

4) «Әлифби» (1864). Өлең алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта басылды (71–72-беттер).

М.Әуезов бұл шығарманың жазылу мерзімі жайлы: «Медреседен соң жазылған ғашықтық өлеңі», – деп түсінік берген (М.Әуезов. Жиырма томдық, 15-том, 75-бет). Қай жылы жазылғаны жөнінде нақты дерек болмағандықтан, Абай шығармаларының басылымдарында 1855–1881 жылдар аралығында жазылды деп көрсетіліп келеді. «Абай» энциклопедиясында «Абайдың 80-жылдары жазған өлеңі» деп көрсетілген («Абай» энцклопедиясы, 121-бет).

Өлеңнің ырғақтары, екпіні бірде жол ортасына, бірде жол басына түсіп, парсы, шағатай ақындары үлгісінде жазылған.

Жинаққа 1933, 1939, 1945, 1957, 1995 жылдардағы басылымдары бойынша салыстырылып, түзетулер енгізіліп берілді.

1995 жылғы басылым мен 1939 жылғы араб, парсы сөздеріне берілген түсінік сілтеме түсінігінде айырмашылықтар бар:

1) «33Заиғ (парсыша) – босқа зая» (1939 жылғы басылым, 281-бет);

2) «3Зайғ (арабша) – жолдан таю» (1995 жылғы басылым, 35-бет);

3) «39Уайлана (арабша) – зарлау» (1939 жылғы басылым, 281-бет);

4) «5Уәйлана (арабша) – бақытсыздық, қайғы» (1995 жылғы жинақ, 35-бет).

1995 жылғы басылымда жетінші сілтемеге: «Бұл бір жолда араб жазуындағы сөздерді дұрыс оқу үшін қойылатын белгілерді келтіреді: мәт – (арабша таңбалануы берілген – ред.) – қыздың
қасына, тәштит «ш» – (а.т.) – кірпігіне, сәкін «о» – (а.т.) – көзіне балап суреттелген», – деп түсінік берілген (35-бет).

1939 жылғы басылымның сөздік түсінігінде: «Мәт, тәштид, сәкин, үтір – дегеннің барлығы ескі араб жазуының дауысты, дауыссыз дыбыстарымен атап, сөздерін дұрыс оқыту үшін қойылған белгілер», – деп жазылған. 

(Араб жазуында қойылатын хәрәкеттер, негізінен, Құранды дұрыс оқу үшін араб тілінде сөйлемейтін адамдарға арналған. Қазіргі араб жазуында бұл белгілер қолданылмайды – ред.).

1995 жылғы жинақтың тоғызыншы сілтемесіндегі «рузи» (парсыша) сөзінің мағынасы «күн, күндей» деп берілген. Бұл жинақта «несібе, үлес» боп түзетілді.

Он бірінші сілтемедегі «зәлил» сөзі (арабша) «азғын, жексұрын, қорланған» деп берілген. Бұл жинақта «қорлық, азап» деп түзетілді.

1995 жылғы басылымда «зайғ» (арабша) сөзі «жолдан таю» деп түсіндірілген. Мәтін ыңғайында бұл нақтылы жолдан тайған адамға қатысты айтылып тұр. Сондықтан «жолдан тайған, бұзылған» деп түзетілді.

Ал «уәйләнә» сөзінің аудармасы «бақытсыздық, қайғы» деп берілген. Бұл жинақ сілтеме түсінігінде қазақ тіліндегі мағынасы «байқұс, бейшара» деп түзетілді.

Өлең бұл жинақта 1933, 1945 жылғы басылымдардағыдай шумаққа бөлінбей берілді.

5) «Шәріпке» («Түңлікбайдың қатыны, атың Шәріп») (1870). Өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта басылған (72-бет). «Шәріп – Түңлікбай дегеннің қатыны. Түңлікбай Абай ауылының көршісі болған» (1933 жылғы жинақ, 72-бет).

Өлең бұл басылымға тыныс белгілері бойынша түзетулер енгізіліп берілді.

6) «Абыралыға» («Мен жасымда көп көрдім мұсылманды, кәпірді») (1876). Өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта басылған (73-бет).

Бұл туындыға Абай молдаларды сынап отыр деген таныммен қараған уақыттар да болды. Мұхтар Әуезов «Абыралыға» деген өлеңінде Абайдың «діншілдігін, мұсылманшылды-ғын салмақтауға болады» деген пікір айтқан. Абай өзінің замандас, құрдасы, бірде жақын, бірде қашық жүретін Абыралы дейтін ел адамының намаз парызын жүрдім-бардым орындауын бетіне
басып айтып, мүмін – мұсылман адамға намаздың оқылу шартын бұзбау керектігін ескертеді.

«Қирағат» араб тілінде тілдік мағынада «оқу» дегенді білдіреді. Бұл сөздің діни терминдік мағынасы бірнешеу. Құлшылыққа қатысты айтылса, онда ол «намаз өтеу кезінде Құран аяттарын оқу» дегенді, ал егер Құран ілімдеріне қатысты айтылса, онда «Құран оқу мәнері», Құран аяттарын сол дәуірдегі араб диалектілері бойынша бірнеше үлгіде оқу тәсілі дегенді білдіреді.

«Абыралыға» өлеңінде «Кәусар» сүресінен келтірілген сөздер бар. 

 7) «Жақсылыққа» («Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық»). Өлең алғаш 1933 жылғы жинақта шықты. 

Бұл өлеңнің жазылу себебі туралы Көкбай Жанатайұлының естелігінде айтылған (1933 жылғы жинақ, 342-бет). 

1880 жылы Абай Қоңыр Көкше еліне арнайы атап сайлаумен (назначениемен – ред.) болыс болғанда Жақсылық деген Мырза руының бір адамы Абайға: «Борышымды елге бөліп салып, мені қарыздан құтқар», – депті. Абайдың сондағы айтқаны еді деп, Көкбай өлең мәтінін өзі жиған өлеңдердің ішінде берген. Абай жинақтарындағы (1933, 1957) бірінші тармақтағы «аңдып» сөзі 1995 жылғы басылымда «аңдап» болып берілген. Бұл жинаққа сол басылым бойынша «аңдап» болып алынды. 

8) «Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға» (1880). «М. Ю. Лермонтовтың «Дитя в люльке» (1829) атты шығармасының аудармасы. Түпнұсқасы неміс ақыны Д. Шиллерден алынған («Das Кіnd in der Wiege», 1796). Абай шығарманың жалпы мазмұнын сақтап, еркін аударған. Алғаш 1933 жылғы жинақта басылып, содан бергі негізгі басылымдарына енгізіліп келеді. Абай аударған түп нұсқа: 

«Счастлив ребенок 

И в люльке просторно ему, 

Но дай время сделаться мужем, 

И тесен покажется мир». 

9) «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім». Өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта «Жылы белгісіз өлеңдер» ретінде басылған (231-бет). Мүрсейіт қолжазбаларында жаызлған (1907. 1910). Өлеңнің 1933 жылы басылған нұсқасының көлемі – 30 жол. Түсінік берілмеген. 1939 жылғы жинақта басылған нұсқасы – 59 жол (231–232-беттер). Бұл нұсқасы туралы жинақ түсінігінде: «Бұл – Абайдың бозбала күнінде өзіне өзі айтқан өлеңі. Абай өлеңдерінің 1933 жылы шыққан жинағында алғаш рет жарияланған. Бірақ онда түгел табылмай, жарым-жартысы ғана басылған болатын. Қазір сол олқылары түгелденіп, бірінші рет толық басылып отыр», – делінген (1939 жылғы жинақ, 231-бет).

Өлеңнің жазылу тарихы туралы толығырақ түсінік 1945 жылғы жинақта берілген: «Мұны Мұхтардың көрсетуі бойынша, Абай өзінің жігіт шағында жазған көрінеді және сол жігіт шағынан қалған өлеңдерінің ішіндегі ең көлемдісі, көркемі.
…Мұны бұрын Абай жас кезінде өзі ғашық болған бір әйелі – Сүгірдің қызына айтқан дейді екен. Бірақ, соңғы айтушылардың сөзіне карағаңда, бұл өлең Сүгір қызына емес, Сүйіндік қызы Тоғжанға арналған көрінеді. Жігітектер мен Құнанбай жауласып жүргенде, Абайдың қауіп-қатерге қарамастан, бейнетпен барып жүрген қызы – сол Тоғжан. Ерболмен достығы да сол қыз арқылы болған. Және Тұмабайдың айтуынша, бұл өлеңдегі қыз Сүйіндік қызы екенін білдіретін:

«– Қыз ағасы Әлібек

Ұстап ап дүре салмай ма», –

деген бір-екі жол өлең де бар екен. Жалғыз-ақ кейінгі айтуында ол жолдар түсіп қалыпты. Біз орнын білмегендіктен, бұл екі жол өлеңді баспаға қоспадық. Соңғы нұсқасы Мүрсейіт жазбасынан алынған» (445-456-беттер).

Мұхтар Әуезов «Сап, сап көңілімге» Абай ақындығындағы жаңа беталыс деп қарайды (Әуезов М. Абайтану дәрістері, 88-бет).

Өлеңнің соңғы тармағы 1907 жылғы көшірме қолжазбада – «Сонда көңіл толмай ма?». Бұл басылымда соңғы тармақ 1907 жылғы қолжазба бойынша берілді.

10) «Бородино» (1882).М. Ю. Лермонтовтың осы аттас шығармасының аудармасы. Өлең алғаш рет 1933 жылғы жинақта басылым көрді. Сонда: «Айтшы, аға, не ғып жеңілдің» деген өлеңді Лермонтовтың «Бородино» деген өлеңінен аударған екен. Бірақ соңғы уақытқа шейін ескеріліп жиналмағандықтан, мына аударманың ортасы да жоқ. Аяғы да жоқ ұмытылып қалыпты. Табылмады», – деп түсінік берілген (1933 жылғы жинақ, 324-бет).

Соңғы басылымдарға дейін аудармада түпнұсқаның кейбір тармақтарының орны ауысып кетіп жүрді.

Лермонтов өлеңінің Абай аударған үзінділері мынадай:
БОРОДИНО
«Скажи-ка, дядя, ведь недаром
Москва, спаленная пожаром,
Французу отдана.
Ведь были ж схватки боевые?
Да, говорят, еще какие!
Недаром помнит вся Россия
Про день Бородина!»
–Да, были люди в наше время,
Не то, что нынешнее племя:
Богатыри –не вы!
Плохая им досталась доля:
Не многие вернулись с поля…

Мы долго молча отступали,
Досадно было, боя ждали,
Ворчали старики:
«Что же мы? на зимние квартиры?
Не смеют что ли командиры
Чужие изорвать мундиры  

О русские штыки?»
Повсюду стали слышны речи:
«Пора добраться до картечи!»
И вот на поле грозной сечи
Ночная пала тень»
(1995 жылғы жинақ, 256-бет).

Өлеңнің бірінші тармағы 1933 жылғы жинақта «Айтшы, аға, не ғып жеңілдің?» (1957). 1995 жылғы басылымда «Айтшы, аға, неғып жеңілдік?» деп берілген. Түпнұсқада сөзбе-сөз келетін жол жоқ. Бұл басылымында өлеңнің бірінші тармағы 1957, 1995 жылғы жинақтар бойынша берілді.

Шығарма 1933, 1957, 1995 жылғы Абай жинақтары мен Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары негізінде салыстырылып беріліп отыр.

11) «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» (1884). Өлең алғаш рет 1909 жылғы жинақта басылды (9-бөлік. «Сұлу ұрғашы туралы», 63-бет). Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларында бар (1905, 1907, 1910).

Мұхтар Әуезов ауызша айтылмай, жазылып шығарылу ерекшелігін – сұлу қыздың портретін берудегі сипаттау реттілігін «жазушы ақыл айтарлық мәдениетті үлгі» деп атап көрсетіп, кейінірек жазылған «Аттың сыны» өлеңімен салыстыра саралап, бағалайды (Әуезов М. Абай Құнанбаев, 106-бет).

Бұл өлеңнің 2-тармағы Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы көшірме қолжазбасы мен 1909 жылғы жинақта – «Аласыз қара көзі нұр жайнайды» деп, ал 1977, 1995 жылғы жинақтарда – «Аласы аз» деп берілген.

Өлең 1907 жылғы қолжазба мен 1909, 1995 жылғы жинақтарда 38-тармақ, бір өлең болып алынған. 1977 жылғы жинақта өлең «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» тармағынан әрі қарай 18 жол бөлек шығарма боп басылған. Өлең бұл жинаққа Абай шығармаларының әр жылдардағы (1909, 1933, 1939, 1945, 1957, 1995) басылымдары мен Мүрсейіт Бікіұлының (1905, 1907, 1910) қолжазба көшірмелерімен салыстырылып, «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» өлеңінен бөлек берілді.

12) «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» (1884). Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы қолжазбасында, 1909 жылғы жинақта «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңімен бір шығарма боп басылған. 1977 жылғы басылымында екі бөлек өлең боп беріліп, түсіндірмесінде: «Бұл жинақта мағынасына қарай дербес алынды» делінген (1977 жылғы жинақ, І том, 357-бет). 1995 жылғы жинақта бұл екі өлең бір шығарма болып басылды. Өлеңнің 31, 32-тармақтарының орнына көп нүкте қойылған. Бұл жолы 1907 жылғы көшірме қолжазбада, 1957, 1977, 1995 жылғы жинақтарда берілген:
«Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған» ,-
деген екі тармақ қалпына келтірілді.

Осы өлеңнің 9-тармағы 1945, 1957, 1961 жылғы басылымдарда «Әуелден сұлу жайы бізге мәлім» деп алынған. 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта «Әуелде сұлу жайы бізге мәлім» деп келген.

35-тармақ 1907 жылғы қолжазбада «Орынсыз іске жүріп, ой таппаған» деп жазылған. 1909, 1995 жылғы жинақтарда – «Орынды іске жүріп, ой таппаған».

Бұл басылымында өлең бөлек шығарма ретінде 1995 жылғы жинақ бойынша берілді.

13) «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» (1885). Бұл өлең ең алғаш 1909 жылғы жинақта (3-бөлік. «Өзі туралы», 35-бет) басылған.

Өлеңге 1933 жылғы жинақта Тұрағұл Абайұлының естелігі бойынша алғаш рет түсінік берілді. «Патша құдай сыйындым» деген өлеңі мен «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген
өлеңдері Ғабдырахым деген баласы (Әбдірахман – ред.) Түмендегі реальный училищеде, Мағауиясы бір Күлбадан деген әйел баласымен Семейде оқып жүргенде айтқаны.

«Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңді де сол кезде айтса керек» (Абай туралы естеліктер, 191-бет).

Өлең 1909–1995 жылғы жинақтар мен Мүрсейіт көшірмелері негізінде басылды.

14) «Әм жабықтым, әм жалықтым» (1895). М.Ю.Лермонтовтың «И скучно, и грустно» атты өлеңінің Абай аударған бір шумағы. Алғаш рет 1933 жылғы толық жинақта жарияланған.

«Абай» энциклопедиясында бұл өлең 1909 жылғы жинақта жарияланды деп көрсетіледі. («Абай» энциклопедиясы, 123-бет). Алайда бұл аударма Абайдың алғашқы – 1909, 1922 жылдардағы жинақтарына енбеген. Тек 1933 жылғы толық жинаққа еніп (93-бетте), онда ешқандай түсіндірме берілмеген. Тек «Пушкиннен» деп жазылған. Ал 1940 жылғы толық жинақта «Лермонтовтан» деп түзетіліп: «…Лермонтовта бұл өлең 13-14 жолдай, Абай тек басқы жолдарын аударған сияқты. Лермонтов өлеңдерінің кейінгі жолдарын Абай аударды ма, жоқ па, белгісіз» деген түсінік берілген (1940 жылғы жинақ, 528-бет). 1954 жылғы жинақта да осы түсінік қайталанады (1954 жылғы жинақ, 1-том, 415-бет). Ал 1957 жылғы жинақтың түсінігінде Абайдың Лермонтов өлеңін екіге бөліп, дербес өлеңдер ретінде аударғаны айтылған (1957 жылғы жинақ, 259-бет).

Бұл шумақтың орысша түпнұсқасы мынадай:

И СКУЧНО И ГРУСТНО
И скучно и грустно, – и некому руку подать,
В минуту душевной невзгоды…
Желанья!.. что пользы напрасно и вечно желать?
А годы проходят – все лучшие годы!