

ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ТОЛЫҚ ЖИНАҒЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ НҰСҚАСЫ
Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
(1872–1937)
Мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі, ақын, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы.


Оқу құралы (балаларға арналған)
«Оқу құралы» (үлкендерге арналған)
«Сауат ашқыш»
«Әліппе. Жаңа құрал»
Оқу құралы (Шонанұлымен бірге)
«Тіл – құрал» оқулықтары
«Тіл – жұмсар»
«Баяншы»
Мақалалар
Баяндамалар, тезистер
Мұрағат материалдары
Фотосуреттер
АҢДАТПА
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиеті мен өнерінің аса көрнекті өкілдері шығармаларының академиялық толық жинағының сериялық басылымын әзірлеп басып шығаруды және олардың электронды кітапханасын қалыптастыруды жүйелі жүзеге асыруда. Сериялық басылымның алғашқы топтамасы ретінде Абай (2020), Жамбыл (2021) шығармаларының үш томдық академиялық толық жинақтары оқырман қолына тиді. Аталған басылымдар Институт сайтындағы электронды кітапханаға жинақталған.
Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай, ғалым шығармаларының текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жарақталған бестомдық академиялық толық жинағын жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.
«Ұлт ұстазы» деген ардақты ат иеленген, шығармашылық, ғалымдық, ұстаздық ғибраты мол, өнегелі тұлғаның өмір жолы өткен ғасырдағы Кеңестік кезеңде қиянат пен қасіретке толы болды. XX ғасырдың 30-жылдары А. Байтұрсынұлының жеке басы ғана қуғын-сүргінге түсіп қойған жоқ, рухани мұрасы да Қызыл империяның тар қапасында тұмшаланды. Кезінде әлденеше рет басылып, мыңдаған данамен таралып, халқының рухани игілігіне айналған еңбектері жарты ғасырдай уақыт бойына жұртшылықтың жадынан өшіріліп, ел көзінен тасаланып келді. Ғұламаның ұзақ жылдар бойы еліміздің және Ресейдің арнайы жабық қорларында сақталып келген мол мұрасын жарыққа шығарып, ұрпақ қажетіне жаратуға Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана кең жол ашылды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты А.Байтұрсынұлы шығармашылығын тарихи-саяси тұрғыдан ақтаудың да (1988), оның мұрасын мұрағаттардан іздеп тауып, басып шығарудың да басында тұрды. Айталық, ақтала салысымен, алғаш рет ғалымның жеке жинағын құрастырып, «Жазушы» баспасынан шығарды (1989). Аталған жинаққа қаламгердің өлеңдері, аудармалары мен зерттеулері енгізілді (Жинақты әзірлегендер: Ә.Шәріпов, Ш.Сәтбаева (алғысөзін жазған), С.Дәуітов).
Мұнан соң, 1991 жылы «Жалын» баспасынан қаламгердің өлеңдері, тәржімелері, публицистикалық мақалалары мен әдеби зерттеулері енген «Ақ жол» жинағы (құрастырған Р.Нұрғалиев) және 1992 жылы «Ана тілі» баспасынан қазақ тілі мен оқу-ағарту саласына қатысты еңбектері қамтылған «Тіл тағылымы» жинақтары жарық көрді. (Жинақты әзірлегендер: Р.Сыздықова мен Ш.Сарыбаев (жалпы редакциясын басқарған), Ғ.Әнесов, А.Мектепов).
2002 жылы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған бестомдық шығармалар жинағының бір томы «Жібек жолы» баспасында басылып, кейіннен «Алаш» баспасынан (2003-2006 жж.) толық жарық көрді.
2013 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты алтытомдық шығармалар жинағын әзірлеп, «Ел-шежіре» баспасынан шығарды. (Жинақты құрастырғандар: А.Ісімақова, Г.Пірәлі, С.Сәкенов, К.Мұстафаева, А.Хаван, Р.Имаханбет). Соңғы жылдарда О.Жұбай мен Ә.Ахметтің құрастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» («Алашорда» баспасы, 2017) және «Ақымет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» («Қазақ университеті» баспасы, 2022) жинақтары жарық көрді.
Өз кезінде Ахмет шығармашылығын халыққа кеңінен таныстырып, ғылыми айналымға түсіруде жоғарыда аталған еңбектердің маңызы зор болды. Дегенмен, дара тұлғаның шығармашылығы ақталғаннан бергі уақытта жасалған шаруалардан гөрі, жұмыла атқаруға тиісті істердің қарасы әлі де алдымызда асу бермей тұр. Соның ішінде кезек күттірмейтін, кейінге қалдыра беруге болмайтын аса қастерлі шаруа – ұлт қайраткерінің қаламынан туған бар мұрасын түгендеу, жинақтау, жүйелеу, тұтас құбылыс ретінде ұрпаққа аманат ету. Бұл міндетті жүзеге асырудағы әлемдік өркениетте қалыптасқан өнегелі үрдіс – классик қаламгер шығармаларының академиялық толық жинағын қалыптастыру.
Академиялық басылымның тұрпаты, әдетте, баспалардан шығып жататын тақырыптық басылымдардан мүлде өзгеше екені әлемдік мәдениетке мәлім болғанмен, біздің ғылыми ортаға әлі орныға қойған жоқ. Егер қысқаша түйіндесек, оның мынадай басты ерекшеліктерін атап айтуға болады.
Біріншіден, академиялық ғылыми басылым қатаң деректілікке негізделеді. Мұнда қаламгердің қолжазба мұрасынан бастап, әртүрлі басылымдары, тіпті, олардың шимайланған, түзетілген (черновик) нұсқаларына дейін түгел назарға алынады.
Екіншіден, осы нұсқалар түгелге жуық мәтіндік салыстырудан өткізіліп, терең текстологиялық зерттеу жүргізіледі.
Үшіншіден, қаламгер заманында қолданылған тарихи лексика, оның өзіне тән сөз саптасы мен қаламгерлік мәнері (стилі) барынша сақталады, оған орынсыз өзгерістер енгізілмейді. Егерде қандай да бір өзгерістер жасалса, ғылыми түсініктерде көрсетіледі.
Төртіншіден, әр шығарманың жазылу уақыты, оның түрлі нұсқаларындағы айырмашылықтар, баспалардан кеткен қателіктер сарапталған, шығарма жазылған уақыттағы тарихи жағдайлар мен жер-су атауларына қатысты анықтамалықтар, есімдер көрсеткіші мен сөздік беріледі.
Бесіншіден, академиялық жинақта қолжазбалардың, қаламгердің көзі тірісінде жарық көрген түпнұсқаға баланатын басылымдардың көшірмелері (факсимилесі) мен көне фотосуреттер және мұрағат құжаттары қоса беріледі.
Мұның барлығы айналып келгенде, жинақтың тарихи маңызын, ғылыми құндылығын арттыра түседі. Академиялық басылым даярлау классик қаламгерге көрсетілетін құрмет қана емес, гуманитарлық ғылымның жоғары жетістігі болып саналады. Мұндай жинақ классикалық мәтіннің канондық нұсқасын анықтап, отандық және әлемдік мәдениет үшін ғылыми құндылығын еселеп арттырады. Ғылыми негізде жүйеге түскен мәтін қалың оқырманнан бастап, мектеп оқулықтарының авторларына дейін құныға бас қоятын рухани игілікке айналады. Жаңа басылымдар мен сөздіктерді жасауға тиянақ болады. Мұндай академиялық басылымдар даярлау Қазақстанда кенже қалып келе жатқан мәтінтану ғылымын жандандыруға да ықпал етеді.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолға алып отырған қазақтың классик қаламгерлерінің академиялық толық жинағын әзірлеп басып шығару ісі еліміздің руханияты үшін осындай асқаралы мақсатты көздейді.
А.Байтұрсынұлы қазақ, орыс тілдеріне жетік, жазба әдебиет өкілі бола тұра, өкінішке орай, қуғын-сүргіннің салдарынан ғалым шығармаларының қолжазбасы бізге жетпеді. Соңғы кезде зерттеушілердің тынымсыз ізденістерінің арқасында автордың өз қолымен жазған кейбір жазбалары там-тұмдап табылып жатыр. Бұл – әлі де ұзақ ізденісті қажет ететін тауқыметті шаруа. Есесіне, А.Байтұрсынұлының шығармалары өткен ғасыр басындағы мерзімді басылымдарда да, кітап болып та молынан жарияланған. Бірақ бұлардың ішінде бізге тозып, жыртылып жеткендері, кейбір басылым нұсқаларының әлі күнге табылмай отырғаны да жоқ емес.
Сол сияқты, жазудағы әркелкілік, баспахана ісіндегі бірізділіктің болмауын да атап айтқан жөн. Қазақ жазуының негізін қалаған ғалым жазу емлесіндегі кейбір мәселелерді оқтын-оқтын жетілдіріп, өзгеріс енгізіп отырған. Өз шығармалары қайта басылған сайын әр басылымды мұқият қарап, өзгерістер енгізіп, жетілдіріп, баспаханадан кеткен олқылықтарды да түзетумен болған.
Бұл басылымдардың барлығының төте (араб) жазуда болуы да – бүгінгі мамандарға қосымша салмақ. Жинақты құрастыру барысында Институттың ғалым-мамандары осындай күрделі, қиын сынақтан өтті.
Академиялық жинақты дайындау барысында А.Байтұрсынұлының көзі тірісінде жарияланған басылымдары түпнұсқа мәтін ретінде негізге алынды. Ғалымның ХХ ғасыр басында араб әрпінде жарық көрген кітаптары, баспасөз материалдары, мұрағат құжаттары мен тәуелсіздік кезеңінде әлденеше мәрте басылып шыққан жинақтарындағы шығармалары өзара жолма-жол салыстырылып, жүйелі текстологиялық саралаудан өткізілді. Аталған жарияланымдарда әр қилы себептермен өзгертілген, алынып тасталған мәтіндік айырмашылықтар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Бестомдық академиялық басылымды әзірлеу барысында А.Байтұрсынұлының осы уақытқа дейінгі жинақтарына енбеген ішінара оқу құралдары мен мақалалары, кейбір мұрағат құжаттары жинаққа тыңнан қосылды. Осылайша ғалымның мұрасын мәтінтану тұрғысынан саралап, салыстырып, ғылыми түсініктер беруде іргелі, тиянақты жұмыстар жасалды деп айтуға толық негіз бар.
Академиялық жинақтың бірінші томына қаламгердің «Қырық мысал», «Маса» сияқты алғашқы кітаптары мен ел ішінен жинап бастырған «Ер Сайын» және «23 жоқтау» жинақтары топтастырылды.
«Қырық мысал» алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте, кейіннен 1913 жылы Орынборда, 1922 жылы Қазанда жарық көрген. Онда негізінен, ақынның И.А. Крыловтан аударған мысалдары жинақталғаны белгілі. Мысалдардың сюжетін сақтай отырып, оқиға желісін қазақ ұғымына түсінікті етіп көркем тілмен аударған ақын еркін көсіліп, тың ойлар айтқан. Шығармалар он бір буынды қара өлең үлгісімен аударылған. Автор ауыз әдебиетіндегі сөз ырғағы, сөйлеу мәнері, мақал-мәтел сияқты тұрақты тіркестер сәтті қолданылған жаңа ұлттық телтума жасады, мысалдың соңына мәтінде суреттелетін оқиғадан туындайтын ғибратты қорытынды, түйін, түсінік беріп отырған.
«Маса» алғаш 1911 жылы Орынборда жарық көрген. Кейіннен 1914 және 1922 жылдары өңделіп, толықтырылып, Қазан қаласында қайта басылған. Бұл жинаққа ақынның өз өлеңдерімен бірге И.А.Крылов, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ю.В.Жадовская, А.Н.Апухтин секілді орыс ақындары шығармаларының аудармасы енгізілген.
«Ер Сайын» жыры Нәзір Төреқұлов пен Әлихан Бөкейханның қолдауымен Мәскеуде Ұлттар комиссариаты жанындағы «Күншығыс» баспасынан 1923 жылы жеке кітап болып басылды.
1926 жылы басылып шыққан «23 жоқтау» жинағына қазақ жоқтауларымен қатар қырғыз жоқтаулары да қоса берілген. Жинақтағы жоқтау мәтіндерін жинап, түзеткен А.Байтұрсынұлы мен Қыр баласы (Ә. Бөкейханның бүркеншік аты). Кітапта жеті жоқтаудың В.В. Радловтың жинақтарынан алынғанына қатысты сілтеме берілген. Бірақ бұлардың біразы қысқартылып, кейбір сөздердің өңделгені байқалады.
Бұл томға енген мәтіндерді әзірлеу барысында «Қырық мысал» жинағының 1922 жылғы, «Маса» жинағының 1922 жылғы, «Ер Сайын» жырының 1923 жылғы, «23 жоқтау» жинағының 1926 жылғы басылымы негізге алынды. Осы басылымдардың құрылымы сақталып, түсініктер мен сілтемелер өзгеріссіз берілді.
Бестомдықтың екінші томына ғалымның «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы («Қазақ» газеті, 1913), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Оқу құралы» (Орынбор, 1921), «Оқу құралы» (үлкендерге арналған, Семей, 1921), «Сауат ашқыш» (Семей, 1926) және «Әліпби. Жаңа құрал» (Қызылорда, 1928) атты оқулықтары топтастырылды.
Мәтіндік салыстыру жұмыстары барысында 1926 жылы Қызылорда-Ташкентте жарық көрген «Әдебиет танытқыш» басылымы 1989 жылғы «Шығармалары» жинағына, 1991 жылғы «Ақ жол» және 2003 жылғы көптомдық пен 2013 жылғы алтытомдық шығармалар жинағына енген мәтіндермен салыстырылып, түпнұсқаға баланатын басылым негізінде біршама өзгертулер енгізілді.
А.Байтұрсынұлының бұған дейінгі жинақтарында 1912 жылғы «Оқу құралының» бірінші бөлімі ғана жарияланып келген. Аталған оқулық 1912–1925 жылдар аралығында бірнеше рет толықтырылып, қайта басылған. Осы академиялық жинаққа біршама толық нұсқа ретінде 1921 жылғы (Орынбор) басылымы енгізілді. Яғни аталған оқулықтың екінші бөлімі оқырманға тұңғыш рет ұсынылып отыр. Үлкендерге арналған «Оқу құралы» да (Семей, 1921) осы жинаққа жаңадан енгізілді.
Екінші томның өзіндік ерекшелігі – «Әдебиет танытқыштан» өзге төрт оқулық транслитерация тәсілімен берілді. Мұнда ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынұлының төте жазуының қолданысқа ену, әліпбидің жетілдірілу, емленің қалыптасу тарихы және өте жазу арқылы оқу-ағарту істерінің даму барысы, оқытудағы әдістемелік жағдайлар ғылыми қауымға түсінікті болу жағы көзделді. Бір сөзбен айтқанда, аталған оқулықтардың мәтіні түпнұсқаға баланатын басылымдарға сүйеніп берілді. Томның кезекті ғылыми түсініктерінде оқулықтардың емлесіндегі ерекшеліктер көрсетілді. Қазақ жазуының реформаторы болғандықтан және қазақша оқулықтар жазудың басында тұрғандықтан, томды құрастырушылар ғалымның сол кезеңдегі ғылыми тұжырымдарын, ұстанымдарын толық аңдату үшін, түпнұсқалық қағиданы қаперде ұстады. Томды пайдаланушылар аталған оқулықтардағы емлелік ерекшеліктерге қарай отырып, 1912-1929 жылдар аралығындағы қазақ әліпбиінің даму барысын білуге, зерттеуге мүмкіндік алады.
Жинақтың үшінші томына ғалымның Т.Шонанұлымен бірге жазған 412 беттік «Оқу құралы» еңбегі енгізілді. Орта мектептің III-IV жылдық оқу бағдарламасына арналған бұл оқулық 1926 жылы жарық көрген. Бұл жинақта хрестоматиялық еңбектің түпбасылымындағы суреттер қоса берілді. Оқулықтың 1926 жылғы екінші басылымы мен 1927 жылғы үшінші басылымдары өзара салыстырылды. Сонымен бірге ғалымның 2013 жылы шыққан алтытомдық шығармалар жинағымен салыстырылып, текстологиялық сүзгіден өткізілді, мәтіндік өзгерістер ғылыми түсінікте көрсетілді.
Ғалым 1923 жылдан кейін сол тұстағы оқу-ағартудағы жаңа бағыттарға бейімдеп, бұған дейінгі оқу-ағарту ісінде айырықша сұранысқа ие болып келген оқулықтарын өзгертіп қайта жаза бастаған. «Тұтас сөз» әдісі жолымен жазылған «Әліпби. Жаңа құралы» І-ІІ жылдыққа арналған оқулығы соның дәлелі. Сонымен қоса, Т.Шонанұлымен бірге ІІІ-IV жылдыққа арнап көлемді «Оқу құралын» жазып шықты. Аталған оқулықтың бірінші басылымы қай жылы шыққаны белгісіз. Алғысөзінің 1923 жылы жазылғанына қарап, екі ғалым аталған көлемді оқулықты жазуға ерте дайындалғаны жөнінде тұжырым жасауға болады. 1926 және 1927 жылғы басылымдары арасында көп айырмашылық кездеспейді. Екі басылымның титул беттері мен алғы сөзінде ғана аздаған айырмашылықтар бар. Оны авторлар үшінші басылымның алғы сөзінде «Оқу құралының» төртінші басылымын дайындап жатқанын және өзгерістер мен толықтырулар енгізбек екенін оқырманға ескертеді. Алайда, қазірге дейін «Оқу құралының» төртінші басылымы туралы нақты мәлімет табылған жоқ.
Хрестоматиялық еңбек қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, жағрапия, жаратылыстану, т.б. ғылым салалары бойынша мағлұматтар береді. «Оқу құралы»: «Әдебиет, тұрмыс, еңбек» және «Ғылым» деген екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде 162 тақырып қамтылған. Екінші бөлімінде «Өсімдік пен жандық», «Табиғат құбылыстары» және «Дүние» деп аталған үш тақырыпшадан тұратын 62 тақырып енгізілген.
«Оқу құралы» XX ғасырдың 20-жылдары жарық көргендіктен, бұл еңбекте сол кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық және орфографиялық нормаларына сәйкес жазылған сөздер кездеседі. Мәселен, осы күнгі әдеби тіл қолданысындағы сурет, дәреже т.б. сөздер «Оқу құралында» «сүгірет», «дәража», «шыға баратқанда», «ірет» т.б. болып қолданылады.
Мәтіндегі бұл сөздердің біразы қазіргі қолданысқа сай жазылды, кейбірінде сол тұстағы емлелік ережелерді бүгінгі ғылыми қауымға толықтай көрсету мақсатында түпбасылымдағы үлгісі сақталды.
Төртінші томда 1927 жылғы «Тіл-құрал» атты тіл танытқыш еңбектің дыбыс және сөз жүйесіне арналған екі бөлімі алғаш ұсынылып отыр. Бұған дейінгі басылымдарда тек сөйлем жүйесіне арналған үшінші бөлімі ғана жарияланып келген. Жинаққа 1921 жылғы «Баяншы» және «Тіл-жұмсар» еңбегінің ІІ бөлімі кирилл әрпінде бірінші рет енгізілді. Бұған дейінгі жинақтарда 1920 жылғы «Баяншы», ал «Тіл-жұмсардың» І бөлімі ғана жарияланған. Еңбек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздары съезінің қаулысына сәйкес түзетіліп, жаңа емлемен басылған. Яғни, 1914-1928 жылдар аралығындағы жарық көрген басылымдардан елеулі өзгешеліктері бар. Академиялық басылымда түпнұсқаны негізге ала отырып, сөздердің жазылуында, бірге, бөлек таңбалануын беруде, тыныс белгілердің қойылуында сол кездегі нормалар академиялық басылымның талаптарына қарай сәйкестендірілді.
Бесінші томға ғалымның алуан тақырыптағы (тілтанымдық, әдебиеттану, оқу-ағарту, әлеуметтік және саяси, т.б) мақалалары, баяндамалары, үндеулері, ашық хаттары, мұрағат құжаттары және фотосуреттері топтастырылды. Жинаққа А.Байтұрсынұлының 1895 жылы «Тургайская газетада» басылған «Киргизские приметы и пословицы» атты тұңғыш мақаласынан бастап, «Айқап» (1911–1914), «Шора» (1913), «Жаңа мектеп» (1925–1928) журналдарында және «Тургайская газета» (1896), «Қазақ» (1913–1917), «Ақжол» (1923–1925), «Южный Урал» (1917), «Известия Киргизского края» (1920), «Жизнь национальностей» (1919, 1923), «Қазақ тілі» (1923), «Еңбекші қазақ» (1925, 1927, 1928, 1929) газеттерінде, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген тоқсаннан аса мақаласы енді.
Академиялық басылымның басты жаңалығы ретінде бұрынырақтағы жинақтарда жарық көрмеген «Шаруалық өзгерісі» (көлемі 107 бет), «Жазу мәселесі» (Шәкәрім ақсақалға жауап), «Алаш азаматтарына», «Бес мың десятина жер», «Көңіл айту» (Р.Марсековқа), «Шура-и ислам», «Алаш азаматтарына» (босқын қырғыздарға жәрдем беру туралы), «Дәйекші», «Өрбу», «Қазақ халқына», «Еркін дала», «Тағы да жер жайынан», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «Мұсылмандар үшін Петерборда болатын кеңес жиылысы», «Торғай һәм Ырғыз үйезінің халқына», «Азамат серіктігінің жалпы жиылысы», «Заявление т. Ахмета Байтурсунова», сондай-ақ Қызылорда мұрағатынан табылған «А.Байтұрсынұлының арызы» сынды әр тақырыпта жазылған мақалалары, үндеу хаттары, арыз-шағымдарымен қоса, бұған дейін мәтінінің жартысы ғана табылып жарияланған «Жазу мәселесі» (Ғ.Мұса мырзаға жауап), «Қазақша сөз жазушылар диқатына» қатарлы бірнеше мақаласының бас-аяғы түгенделіп, тұңғыш рет жинаққа ұсынылды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Президентінің архивінен» табылған, 1921 және 1924 жылдары өз қолымен толтырған жеке іс парағы, Ленинге жазған үш хаты академиялық жинаққа алғаш рет енгізілді. Осы орайда, аталған үш хаттың тыңнан қосылған жаңа жазба дерек қана емес, қайраткер тұлғаның саяси көзқарасы мен ұлттық ұстанымын айқын көрсететін аса маңызды құжат екендігіне ерекше назар аударамыз.
Әр кезде жарық көрген ғалымның жеке жинақтарындағы мақала мәтіндері («Тіл тағылымы», 1992), А.Байтұрсынұлының көптомдық шығармалар жинағы (4-том, 2006) және алтытомдық шығармалар жинағы (4-том, 2013) аталған газет-журналдардағы түпбасылым нұсқаларымен жолма-жол салыстырылып, жүйелі текстологиялық саралаудан өтті. Нәтижесінде кезінде қалып қойған, редакцияланған, сызып тасталған сөз-сөйлемдер, тіркестер, мәтіндегі өзгерістер толық қалпына келтірілді.
Жинақтың тағы бір ерекшелігі барлық шығармалардың факсимиле нұсқасының қоса берілуі. Бұл – академиялық басылымның ғылыми деректілігін арттыратын басты ұстанымдардың бірі.
Ғалымның академиялық толық жинағы міне, осындай толықтырулармен, айта қаларлықтай жаңалықтарымен халық игілігіне ұсынылып отыр. Ұлт ұстазының жаңадан табылған мақалалары, мұрағат құжаттары, тұңғыш рет жарияланып отырған оқулықтары, т.б. тыңнан қосылған құнды деректер аталған жинақты шығаруға атсалысқан барлық мамандар тобының еселі еңбегінің жемісі деуге болады. Мысалы, бас-аяғы толықтырылып берілген мақалалар мен жаңадан табылған деректерді былай қойғанның өзінде, тұңғыш рет ғалымның төл еңбегі ретінде жұртшылық назарына ұсынылып отырған «Шаруалық өзгерісі» атты көлемді қолжазбасының ахметтану мен алаштануда ғана емес, сонымен бірге әдебиеттану және мәдениеттану сияқты ғылым салаларында алар орны ерекше. Бұл орайда, «Шаруалық өзгерісі» еңбегінің қолжазба күйінде жеткен бірден-бір нұсқа екендігін атап айтқан жөн. Төте жазумен хатқа түскен қолжазбаның ғалымның өз қолтаңбасы екендігін дәйектеу әлі де зерттеп, нақтылауды қажет етеді. Сондықтан жинаққа қолжазбаның факсимилесі толық берілді.
Жинақты дайындау барысында А.Байтұрсынұлының аты-жөні көрсетілмеген мақалалардың бұған дейін бірде Ахметке, бірде басқаларға телініп келген екіұдай пікірлердің барын ескере отырып, томға, негізінен, автор ретінде аты анық жазылған мақалалары енгізілді. Ал, автор есімі шартты белгілермен қойылған жағдайда, зерттеушілердің сенімді ғылыми дәлелдері негізінде күмәнсіз дәйектелген мәтіндер А.Байтұрсынұлы еңбегі ретінде жинаққа қосылды.
Академиялық жинаққа ғалымның осы уақытқа дейін ғылыми ортаға мәлім болған шығармалары барынша түгенделіп, мәтінтанулық сараптаулар жасалып, әр шығармаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар көрсетіліп, ғылыми түсініктер жазылды. Әрбір том шығармаларда кездесетін жер-су атаулары мен есімдер көрсеткіші, сөздіктер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тіліндегі түйіндеме сияқты қосымшалармен жасақталды. Жинақтағы еңбектердің түпнұсқасы ретінде бір басылымының (көпшілігі бірнеше рет басылған) факсимилесі қоса берілді.
Жинақ Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар мен докторанттарға, магистранттар мен студенттерге, сондай-ақ ғалым мұрасын қадір тұтатын барша оқырман қауымға арналады.
Сөз соңында еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі мұрағат көздерінен, кітапханалардағы қолжазба қорларынан, сирек кітаптар мен газет-журналдар жиынтығынан А. Байтұрсынұлына қатысты құжаттық деректерді, мақалалар мен фотосуреттерді тірнектеп тауып, қолдарына ілінген құнды дүниелерімен бөлісіп, академиялық жинақтың сапалы шығуына атсалысқан алаштанушы, ахметтанушы ғалымдарға, осы жинақты басып шығаруға қол ұшын берген азаматтарға РИЗАШЫЛЫҚ білдіреміз.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымына; Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Орталық ғылыми кітапхана ұжымына, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры С.Мәліковаға, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті «Рухани жаңғыру кеңсесінің» жетекшісі, филология ғылымдарының докторы А.Әбсадыққа, белгілі әлихантанушы ғалым С.Аққұлұлына, алаштанушы Е.Тоқтарбайға, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің PhD докторанты А.Махамбетоваға және осы еңбекті дайындау барысында ақыл-кеңес берген зиялы қауымға АЛҒЫС!
Редакция алқасы